Рет қаралды 8,163
Қазақстандық жасөспірімдер арасында бір-бірін қорлап, кемсіту мәселесі белең алып барады. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы 11 жастан 15 жасқа дейінгі әр бесінші оқушы өз қатарластарынан қысым (буллинг) көретіні жайында дерек жариялаған. Буллинг әсіресе 11-13 жас аралығында ұлдардың арасында кең тараған. Бұл қорқыту, психологиялық қысым көрсету, мазалау, қорлау дегенді білдіреді. Буллингке ұшыраған балалар көбіне мектепте не болып жатқанын ата-анасына айтуға қорқады. Сондықтан кез келген ата-ана баланың буллингтен зардап шеккенін байқауы керек. Қысым көрген баланың сабақ үлгерімі нашарлап кетеді, өзінен кіші балалар мен жануарларға агрессиямен қарайды, өзгелерден оқшауланып, жасқанып жүреді, ұйқысы, тамақтану режимі бұзылып, мазасыз күйге түседі. Қысым көрсетуші балалар осы арқылы өзін өзгеге дәлелдегісі келеді. Біреуді қорлай отырып, оған зәбір көрсете тұрып, мықтылығына масаттанады. Мұнда агрессордың басты мақсаты - жәбірленушіні барынша қорлай түсу. Сонда оның жаны рахаттанады. Ондай қадамға өзіне көңілі толмаған, өзін-өзі бағалай алмағандар барады. Психологиялық тұрғыда қарастырсақ, жәбірленушіге ғана емес, зәбір көрсетушіге де көмек қажет. Себебі, бала оны білместіктен емес, мақсатты түрде әдейі істейді. Бұл мәселені шешу үшін не істеу керек? Бағдарлама қонақтары мен психологтар бірлесе отырып, осы мәселені кеңінен талқылайды.